Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі қаржы жымқыру деректеріне байланысты Бас прокуратураға өтініш әзірленіп жатқанын айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оның айтуынша, даулы шешімдер қабылданған кезеңде қызмет атқарған бұрынғы министрлер мен вице-министрлер жауапкершілікке тартылуға тиіс.
Депутаттың сөзінше, осы аптада МӘМС жүйесіндегі заңбұзушылықтарға қатысты ресми өтініш жолданады.
«МӘМС бойынша құқықтық баға берілмеген фактілер бар. Солардың барлығы бойынша осы аптада Бас прокуратураға өтініш жібереміз. Яғни бүгінгі таңда жауапкершілікке тартылмаған тұлғалар бар. Олар қазір МӘМС жүйесінде жұмыс істемейді, алайда жауапқа тартылуы тиіс. Қаражат жымқырылды, енді әділдік орнап, кінәлілер тиісті жазасын алуы керек», – деді Бақытжан Базарбек.
Ол сондай-ақ салалық министрліктің бұрынғы басшылығы қабылдаған шешімдер МӘМС жүйесіндегі жағдайға тікелей әсер еткенін және бұл жауапсыз қалмауы керегін атап өтті.
«Менің ойымша, қазіргі жағдайда бұрынғы министрлер мен бұрынғы вице-министрлер жауапкершілікке тартылуы тиіс. Себебі дәл солардың тұсында бұл бұйрықтар қабылданған және оларды жою бойынша ешқандай шара қолданылмаған. Мен қазіргі министрді ақтап отырған жоқпын, алайда ол біздің сынымызға құлақ асып, біз сынға алған олқылықтарды жойды. Ең кемі, ол нақты қадамдар жасап жатыр. Егер бұл мәселе осы деңгейде шешілмесе, біз бұл бойынша да мәселе көтеретін боламыз», – деді депутат.
Жақында Астанадағы екі жеке клиниканың басшысы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 682 млн теңге жымқырғаны анықталған болатын.