Қазақстанда 2026 жылы жаңа халықаралық әуе бағыттары ашылады деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев үкімет отырысында отандық авиация саласындағы ауқымды жоспарлармен бөлісті.
«Қолданыстағы бағыттар бойынша рейстердің жиілігін арттыру да жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Вена, Токио, Рим, Абу-Даби, Эр-Рияд, Даммам, Ларнака, Амман, Шанхай, Қашғар, Варшава және басқа да қалаларға рейстер көбейеді», – деді Нұрлан Сауранбаев.
Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов Көлік министрлігіне Самұрық-Қазына қорымен бірлесіп, ұсыныс енгізуді тапсырды.
«Көлік министрлігіне “Самұрық-Қазына” қорымен бірлесіп, бір апталық мерзімде жаңа халықаралық әуе рейстерін іске қосу және ұлттық карго-тасымалдаушының одан арғы қызметіне қатысты нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын», – деді премьер-министр.
Бұған дейін Азаматтық авиация комитетінің төрайымы Салтанат Томпиева жыл соңына дейін Қазақстанның әуе паркі 9 жаңа ұшақпен толықтырылып, жалпы саны 118 әуе кемесіне жететінін хабарлаған. Оның айтуынша, 2026 жылдың соңына дейін Орталық Азия мен ТМД елдеріне, сондай-ақ Таяу Шығыс, Еуропа және Азия бағыттарына жаңа халықаралық рейстер ашылады. Олардың қатарында Сиань, Үрімші және өзге де қалалар бар.
Сонымен қатар биыл Астана мен Шымкент әуежайларында екінші ұшу-қону жолақтарын салу басталады. Алматыдағы ішкі рейстер терминалы қайта жаңғыртылып, Ақтауда перронға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған.
Аймақтарда да бірқатар жоба іске асады. Атырауда жаңа терминал салынады, Павлодарда аэродром қайта жөнделеді, Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарындағы әуежайлардың құрылысы аяқталады, сондай-ақ Арқалық әуежайын қалпына келтіру көзделіп отыр.