Қарағандылық студент есірткі затын сақтап, сатқаны үшін 15 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Колледж студенті есірткі тарату арқылы табыс табу мүмкіндігі туралы біліп, «Telegram» мессенджері арқылы белгісіз куратормен байланысып, келісім жасасады.
Оның міндеттеріне берілген координаттардан есірткі заттарын алу, сақтау, бөліп орау, тасымалдау және қала аумағында жасырын орындарға орналастыру кірген. Күніне ол шамамен 30 орамды қаланың түрлі орындарына жасырған.
Сонымен қатар, ол Таиландтан Қазақстанға есірткі заттарын халықаралық пошта арқылы алдыртқан. Ол тауарды алу кезінде ұсталып, одан 909 грамм каннабис экстракты тәркіленді. Тінту барысында оның тұрғылықты жерінен қосымша 80 грамм есірткі заты табылып, алынды.
Сондай-ақ ұялы телефонды тексеру кезінде оның бір күн бұрын бірнеше жасырма орналастырғаны анықталды. Берілген координаттар бойынша тағы 3,34 грамм каннабис экстракты тәркіленді.