homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Медициналық мекемелерге лицензия беру тәртібі қатаңдатылды

21.01.2026, 16:01

2026 жылдан бастап медициналық қызметке берілетін мерзімсіз лицензия деген енді болмайды. Рұқсат құжатының мерзімі бес жылмен шектелмек, деп хабарлайды Juzmedia.kz. Яғни, медициналық қызмет көрсететін мекемелер әр бес жыл сайын рұқсат лицензиясын алып, жаңартып отыруы тиіс.

Жаңа тәртіп аясында медициналық ұйымдардың кадрлық әлеуеті, материалдық-техникалық базасы және көрсетілетін қызмет сапасы белгіленген стандарттарға сәйкес қайта бағаланатын болады.

«Бір мезгілде 2026 жылғы қаңтардан бастап денсаулық сақтау саласындағы шағын кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейінгі алғашқы үш жылда тексеру жүргізуге тыйым салу нормасы алынып тасталады», – делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі Қаржы мониторингі агенттігімен бірлесіп, жеке медициналық ұйымдарда бюджет қаржысының қалай жұмсалғанын тексеруді жоспарлап отыр.

Қазіргі уақытта елде медициналық қызмет көрсетуге лицензиясы бар 22 905 денсаулық сақтау субъектісі тіркелген. Оның 8 803-і мемлекеттік, ал 14 102-сі жеке медициналық ұйым.