Оңтүстік Кореяның бұрынғы премьер-министрі Хан Док Су мемлекеттік бүлікке қатысы бар деген айыппен 23 жылға сотталды. Бұл туралы Синьхуа агенттігі жазды деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Тергеу дерегіне сәйкес, Хан Док Су елдің сол кездегі президенті Юн Сок Ёл бастаған заңсыз әрекеттерге қатысып, елде әскери жағдай орнатуға септескен. Сот экс-премьерді ресми құжаттарды қолдан жасап, сот процесіне кедергі келтірді және тергеумен ынтымақтасудан бас тартты деп айыптап, арнайы прокурор сұраған жазадан да қатаң үкім шығарды.
«Елдегі бүліктің алдын алатын жалғыз адам Хан Док Су еді, бірақ ол міндетін орындаудан бас тартып, бүлікке қатысты», – деді айыптау тарапы.
Арнайы прокурор Хан Док Суға 15 жыл жаза сұраған. Алайда сот жаза мерзімін 23 жылға дейін ұзартты.
Оңтүстік Кореядағы саяси дағдарыс 2024 жылы ушықты. Желтоқсанда президент Юн Сок Ёл елде төтенше жағдай жариялап, әскери режим енгізілетінін мәлімдеген. Бұл шешімге парламент пен оппозиция қарсы шығып, президентке импичмент жариялады. 2025 жылдың сәуірінде ол қызметінен шеттетілді.
Маусым айында Ли Дже Мен елдің жаңа президенті болып сайланды. Қаңтарда Юн Сок Ёл ұсталып, тағылған айыптың бір бабы бойынша бес жылға бас бостандығынан айырылған болатын.