homepage
фото: ашық дереккөзден

50-ге жуық газ кен орны аукционға шығарылмақ

21.01.2026, 13:28

Қазақстандағы 50-ге жуық газ кен орны аукционға шығарылады. Бұл учаскелердегі геологиялық барлау жұмыстары «QazaqGaz», «Самұрық-Қазына» және инвесторлар есебінен қаржыландырылмақ. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтып берді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Министрдің сөзінше, «QazaqGaz» ұлттық компаниясы геологиялық барлау жұмыстарының кешенді бағдарламасын іске асырып жатыр. Қазір 14 учаскеде шамамен 515 млрд текше метр газ мөлшерін алдын ала бағалау жұмыстары жүргізілген.

Орта мерзімді жоспар бойынша геологиялық барлау портфелі 30 учаскеге дейін кеңейіп, жалпы газ ресурсы шамамен 1,7 трлн текше метрге жетпек. Бұл өндірісті ұлғайтуға және ішкі сұранысты тұрақты түрде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп сендіреді министр. 

Айта өту керек, кеше өткен Ұлттық құрылтай барасында Президент QazaqGaz компаниясына сын айтқан. Мемлекет басшысының айтуынша, компания газ өндіру көлемі бойынша тиісті деңгейде жұмыс істемей отыр. Қазіргі таңда QazaqGaz бар болғаны 350 миллион текше метр газ өндіріп отыр, ал компаниядағы қызметкерлер саны 10 мың адамға жуық. Сонымен қатар жаңа кен орындарын игеру ісі де тиімсіз жүргізілуде.