Кеше Шымкент көшесінің бірінде жаппай төбелес болып, 40 жастағы ер адам қаза тапты, енді бірі қазір ауыр халде жатыр. Шымкент полициясы бұл оқиға бойынша қылмыстық іс ашып, күдіктілерді іздеп жатыр. Шамамен олардың саны бесеу, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оқиға қаладағы Ерімбетов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында болған. Екі автокөлік соқтығысқаннан кейін, жанжалға үшінші көліктегілер араласқан. Салдарынан бір адам пышақ жарақатын алса, ал екіншісін күшпен қала сыртына алып кеткен, кейін оның денесі табылды. 40 жастағы ер адамның қаза тапқанын қала полициясы растап отыр. Қазір адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Шымкент полиция департаменті күдіктілерді іздеп жатыр.
Дәрігерлер бүгін пышақталған екінші ер адамның жағдайы туралы айтып берді. №1 қалалық ауруханаға жеткізілген 36 жастағы ер адамға ота жасалған, қазір жан сақтау бөлімінде жатыр.
“1990 жылы туған науқас ауыр жағдайда №1 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген. Науқас сол жақ кеуде тұсынан пышақ жарақатын алған. Шұғыл операция жүргізілді. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы ауыр, реанимация бөлімінде жатыр”, – деп хабарлады қалалық денсаулық сақтау басқармасы.