Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Давос қаласына жұмыс сапарымен барады. Ақорданың хабарлауынша, мемлекет басшысын АҚШ президенті Дональд Трамп шақырған. Осылайша 22 қаңтарда Тоқаев Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қою рәсіміне қатысады.
Бұған дейін «Бейбітшілік кеңесіне» қатысуға Трамп бірқатар елге шақырту жіберді. Ішінде Ресей президенті Владимир Путин де бар.
Швейцарияның тау шаңғысы курорты Давоста 56-шы Дүниежүзілік экономикалық форум өз жұмысын 19-ншы қаңтарда бастап кеткен. Биыл форум «Диалог рухы» (A Spirit of Dialogue) ұранымен өтіп жатыр. Бұл — әлемде геосаяси шиеленіс күшейіп, сауда соғыстары өршіп, қарулы қақтығыстар саны рекордтық деңгейге жеткен кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр.
Форум 23 қаңтарға дейін жалғасады. Оған 130 елден шамамен үш мыңға жуық адам қатыспақ. Қатысушылар қатарында 65 мемлекет пен үкімет басшысы, министрлер, ірі банктердің жетекшілері және жаһандық бизнестің өкілдері бар.
Давоста талқыланатын негізгі тақырыптардың бірі – Украинадағы соғыс. Алайда, белгілі болғандай бұл форумға Зеленскийдің өзі қатыспайды. Әуелде ол Трамппен жеке кездеседі деген жоспар болған. Киевтегі түнгі жарылыстар оның жоспарын өзгертті деп хабарлайды БАҚ. Ал, Путин форумға өзінің арнайы өкілін Кирилл Дмитриевті жіберіп отыр.
Форумға қатысушылар арасында Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік кеңесі төрағасының орынбасары Хэ Лифэн, Франция президенті Эммануэль Макрон, Германия канцлері Фридрих Мерц, Палестина премьер-министрі Мұхаммед Мұстафа, Сирия президенті Ахмед аш-Шараа, Испания премьер-министрі Педро Санчес, Аргентина президенті Хавьер Милей және өзге де әлемдік көшбасшылар бар.
Дональд Трамп Давосқа өзі келіп, әлемдік басқарудың жаңа архитектурасы мен АҚШ-тың ондағы рөлі туралы өз көзқарасын ұсынбақ.
22 қаңтарда Трамп «Бейбітшілік кеңесі» деп аталатын құрылымның жарғысына қол қоюды жоспарлап отыр. Бұл құрылым халықаралық қақтығыстарды реттеумен айналысып, БҰҰ-ға балама ұйым ретінде қарастырылмақ. Жобаға Қазақстан, Ресей, Беларусь, Түркия, Канада, Өзбекстан, Жапония, БАӘ, Еуроодақтың бірқатар елдері және Еурокомиссия басшылығын қоса алғанда, шамамен 60 елді тарту көзделген. Алайда, бұл бастама форумға қатысушылардың бір бөлігінің сынына ұшырады.