homepage
фото: ашық дереккөзден

Жәнібек Әлімханұлы бокстан шеттетілді

20.01.2026, 20:12

Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлының ағзасында допингтің бар екені расталды. VADA ұйымынан жіберген 34 беттен тұратын қорытынды сараптамада «В» сынамасы оң нәтижесі көрсетілгені айтылған. Бұл туралы Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының (ҚКБФ) президенті Рахимжан Ерденбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

“Қазіргі таңда Жәнібекке қатысты юрисдикцияны біздің федерация өз мойнына алды, себебі ол — федерациямыздың лицензияланған боксшысы, ал оның қатысуымен өткен соңғы бокс кеші Астанада, біздің санкциямен болған. Қазір басты мәселе — ол мұны саналы түрде қабылдады ма, әлде бұл зат оның ағзасына қалай түскені. Әзірге сұрақ осында тұр”, — деді ҚКБФ президенті Рахимжан Ерденбеков.

Қазір Әлімханұлының ісі тәуелсіз сарапшылардың, сондай-ақ ҚР Туризм және спорт министрлігі өкілдерінің қатысуымен қаралып жатыр. 

“Жәнібекке көп сұрақ қойылды. Сәуір айынан бері біз оның осы заттар анықталғанға дейінгі бүкіл өмір жолын тыңдадық. Кеше мен қазір жариялай алмайтын жаңа деректер белгілі болды. 23 қаңтарда тыңдауларды жалғастырамыз”, — деді Ерденбеков.

Оның айтуынша, істі қарау қорытындысы бойынша барлық материалдар тиісті ұйымдарға, соның ішінде WBO, IBF және басқа да ұйымдарға жолданады. Титулдарынан айыру немесе айырмау жөніндегі шешімді сол ұйымдар қабылдайды. Ал әзірге, Ерденбековтің сөзінше, тыңдаулар уақытына Жәнібек Әлімханұлы жекпе-жектерден шеттетілген.
Еске салайық, 2025 жылдың желтоқсан айының басында WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы Эрисланди Ларамен үш титул үшін өтетін жекпе-жекке аз уақыт қалғанда қазақстандық чемпионның зәр сынамасынан тыйым салынған мельдоний заты табылғаны белгілі болған.