Шымкентте бірқатар жоғары лауазымды күштік құрылым өкілдері қызметінен босатылды. Атап айтсақ, Шымкент полиция департаментінің басшысы Нұрлан Алмасбеков, оның бірінші орынбасары Құрманбек Сахов қызметінен айырылды. Сондай-ақ, бірқатар лауазымды тұлғалар ішкі істер органдарынан шығарылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Қазіргі уақытта ІІМ Қаратау аудандық полициясын тексеріп жатыр. Олар марқұмның туыстарының өтінішін тиісті деігейде қарамаған. Тергеу нәтижесі бойынша лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне заңнамаға сәйкес құқықтық баға беріледі.
Бүгін Қызылордада өткен құрылтай отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкентте кісі қолынан қаза тапқан Нұрай Серікбайдың оқиғасына қатысты пікір білдірген болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер министріне Шымкент қалалық департаментінің ісіне құқықтық баға беруді тапсырған.
Ведомство кісі өлтіру дерегі бойынша қозғалған қылмыстық істің тергелу барысын өз бақылауына алған. Тергеудің объективті әрі толық жүргізілуі үшін тәжірибелі қызметкерлерден арнайы жедел-тергеу тобы құрылды.