Қазақстан парламенті "Құрылтай" деп аталып, қазіргі ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы ассамблеясы тарайды, орнына осы екі құрылымнан "Халық кеңесі" дейтін орган құрылады. Бұл туралы Ұлттық құрылтайдың бесінші жиынында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Қазақстанның жаңа парламентінде 145 мандат болып, депутаттар бес жылға сайланбақ. Жаңа парламентте төрағаның үш орынбасары болады, комитеттің саны сегізден аспайды. Депутаттар түгелдей пропорциялық жүйемен, ал жергілікті мәслихаттар мажоритарлық жүйемен сайланады. Бұл өзгерістердің барлығы референдум кезінде дауысқа салынбақ.
Сондай-ақ, Қазақстан халқы ассамблеясы мен ұлттық құрылтай тарап, осы екі құрылымның функцияларын атқаратын "Халық кеңесі" дейтін жаңа орган құрылады. Оған елдегі барлық ұлт, аймақ және топ атынан өкілдік ететін 126 адам мүше болмақ. Жоғары консультациялық органға этномәдени бірлестіктерден, мәслихаттардан және жергілікті қоғамдық кеңестерден 42 адамнан тағайындалады. Кеңесті толықтай президент жасақтайды, ал төрағаны мүшелері сайлайды.
Президенттің айтуынша, конституцияға енгізілетін түзетулер саны бұрын көзделген көрсеткіштен асып түскен, сол себепті бұл жаңа конституция қабылдауға пара-пар екенін айтты.
"Жалпы, бастапқыда парламентті реформалау аясында Ата заңның 40-қа жуық бабын өзгерту жоспарланған еді. Алайда жұмыс барысында түзетулер саны әлдеқайда көп екені белгілі болды. 2022 жылғы реформада Ата заңның 33 бабы жаңарғанын білесіздер. Ал, ендігі өзгерістер одан да ауқымды. Біз, шын мәнінде, жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар қадам жасағалы тұрмыз" деді ол.