Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданындағы Егіндіағаш ауылының тұрғыны Аманжол Бықсыбаев бала кезінде көру қабілетінен айрылған. Басына түскен қиындыққа қарамастан зейнеткер түрлі техниканың тілін біледі. Қосалқы бөлшектерін қолмен сипалап танып, тракторларды өзі жөндейді. Көрші-қолаңға көмектесіп, істен шыққан тұрмыстық заттарды қайта кәдеге жаратады.
Аманжол Бықсыбаев 13 жасында көру қабілетінен айрылған. Көзіне сым кіріп кетіп, 6 ай ауруханада жатыпты. Инфекция жұғып, екінші жанарына ауған.
«Кішкентай балаға қолшамның сымын қиып берем деп, көзіме кіріп кетті. Ата-анам емдету үшін біраз жерге апарды. Еш нәтиже болған жоқ. Үйде отырған соң оны-мұны шұқи беретінмін. Сөйтіп, жөндеп үйрендім. Жалғыз трактордың арқасында күн көріп отырмыз. Мен жөндеймін, інім жаз бойы шөп шабады. Ағайын-туыстарға да көмектесеміз. Көре алмасам да, техниканың сынып тұрған жерін көкірекпен сеземін», - дейді Аманжол Бықсыбаев.
Бір кездері дүркіреп тұрған ауылда 10 шақты шаңырақ қалған. Аманжол Бықсыбаевқа ауылдастары да істен шыққан тұрмыстық техникасын жөндетеді.
«Алдында сүт машинкасы істен шыққан. Аманжол аға бірден жөндеп берді. Қолынан келген көмегін аямайды. Білмейтіні жоқ. Сипалап отырып, ақауды тауып алады. Көп күттірмейді», - дейді ауыл тұрғыны Күміс Молдахметова.
Аманжол Бықсыбаев әйелі Әсемгүл Жанайдарова екеуі екі қыз, бір ұл бала өсіріп отыр. Үйдің тұңғышы 22-де болса, кенжесі 9-да.
«Ауыластарым да маған қол ұшын беріп тұрады. Көктемде қаз алып, күзде сатамыз. Қара мал өсіреміз. Солай күнімізді көріп отырмыз. Балаларыма «ешкімнің ала жібін аттама, дүниеге қызықпа» деп айтамын. Ешқашан дауыс көтеріп, ұрысып көрген емеспін. Қажетті заттарын әперемін. Ұлымда велосипед, мотоцикл, дронға дейін бар. Екі қызымды жыл сайын шетелдерге демалысқа жіберемін. Баларымды ешкімнен кем қылғым келмейді. Қазақ халқы қызды қатты құрметтейді. Менің де ұстанымым сол, әйелім кез келген істе қолдайды, - дейді зейнеткер.