Президент Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент институтын енгізу мәселесіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы ол Ұлттық құрылтай отырысында айтты деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Президенттің сөзінше, вице-президенттің өкілеттіктер аясын Мемлекет басшысы өзі айқындайды.
«Вице-президент Президенттің тапсырмасы бойынша халықаралық форумдарда және шетел мемлекеттерінің делегацияларымен келіссөздерде Қазақстанның мүддесін білдіреді, Парламентте Президенттің мүддесін қорғайды, отандық және бірлескен қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды, сондай-ақ Президенттің өзге де тапсырмаларын орындайды», – деді Тоқаев.
Оның айтуынша, вице-президенттің қызметтік функционалына қатысты негізгі ережелер Конституция мәтінінде де көрініс табуы тиіс.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы бұл өзгерістер аясында қолданыстағы Парламенттің қызметін қамтамасыз ететін аппараттық құрылымдардың бір бөлігі мен мемлекеттік кеңесші лауазымы қысқартылуы мүмкін екенін атап өтті.