Жетісу облысында 20 жастағы қызды зорлап, азаптап өлтірген ер адамға сот үкімі шықты. Бұған дейін жәбірленуші тарап пен мемлекеттік айыптаушы оны өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраған еді. Алайда судьяның шешімімен сотталушы 25 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ
Almaty.tv жазуынша, ішімдік алу үшін дүкенге барған Марипов сол маңда бейтаныс бойжеткенді байқап қалып, оны соңынан аңдып, күшпен алып кеткен. Тергеуден белг.ілі болғандай, кейіннен қызды қараусыз ғимаратқа апарып зорлап, ауыр зардаптарға әкеп соққан сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасапты. Содан кейін қылмысын жасыру үшін қызды таспен ұрып өлтіріп, қашып кеткен екен.
«4 бап бойынша айыпталып отыр. Осы 4 бап бойынша сот үкімі шығарылды. Марипов бұрын сотталған. Бірнеше рет қылмыстың қайталануы бар. Сол себепті оған 25 жылға жаза тағайындалды. Оның алғашқы 5 жылын толық қауіпсіз мекемесінде өтейтін болады», - деді Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Бақыт Ермаханов.
38 жастағы сотталушы өз кінәсін толық мойындаған.
ЖӘБІРЛЕНУШІ ТАРАП ҮКІММЕН КЕЛІСПЕДІ
Еске сала кетейік, жантүршігерлік қылмыс осыдан бес ай бұрын болған. Із-түзсіз жоғалып кеткен Паулина Ткаченконы Балпық би ауылының тұрғындары күні-түні іздеп таппай қойған. Тек екі күннен кейін қыздың мәйіті анықталған. Енді жәбірленуші тарап үкіммен келіспей, апелляцияға жүгінетінін айтып отыр.
«Біз істің мән-жайын анықтау кезінде марқұм қыздың азапталып көз жұмғанын анықтадық. Сондай зұлымдықпен адам өлтіргеннен кейін біз соттан қылмыскерді өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын сұраған едік. Мемлекеттік айыптаушы да екі бап бойынша өмірлік бас бостандығынан айыру жазасын сұраған болатын. Бірақ сот шешеді. Алайда біз бұл үкіммен келіспейміз», - деді қорғаушы Тоғжан Ержұманова.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.