Қазақстанның кәсіби бокс федерациясы WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жанибек Алимханулының допинг ісіне байланысты қайта тыңдау өтетінін мәлімдеді. Бұл туралы федерация президенті Рахимжан Ерденбеков айтты деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оның айтуынша, алғашқы тыңдау материалдар мен рәсімдерді бастапқы бағалау үшін өткізілген.
«Бұл істі формалды түрде қарауға болмайтыны анықталды. Қосымша медициналық, сараптамалық және құқықтық талдау қажет», – деді ол.
Осыған байланысты қайта тыңдау 23 қаңтарға белгіленді. Федерация мұны күрделі допинг істерінде қолданылатын халықаралық тәжірибе деп түсіндірді. Ерденбеков допинг сынамасының оң нәтижесі спортшының кінәсін автоматты түрде дәлелдемейтінін, іс No Significant Fault or Negligence қағидасы негізінде қаралатынын атап өтті.
Еске салайық, желтоқсан айында Алимханулының қанынан 2016 жылдан бері тыйым салынған мельдоний табылған. Осыған байланысты оның WBA титулы үшін Эрисланди Лараға қарсы жекпе-жегі өтпей қалды.