homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Банкоматтан ақша алғандар тізімге алынады деген ақпарат жалған

20.01.2026, 10:36

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің Дезинформацияға қарсы күрес орталығы Қазақстанда банкоматтан қолма-қол ақша алатын азаматтардың дерекқоры жасалып жатыр деген ақпаратты жоққа шығарды. Орталық бұл мәліметтің шындыққа сай еместігін және манипулятив түрде таралып жатқанын айтты деп хабарлайды Juzmedia.kz.

«Қолданыстағы заңнамада банкомат арқылы ақша шешетін азаматтарды арнайы базаға тіркеу туралы ешқандай норма жоқ», – деді орталық.

Орталықтың айтуынша, банкоматтардағы бейнекамералар тек қауіпсіздік үшін орнатылған. Олар алаяқтық пен ұрлықтың алдын алуға және даулы жағдайда дәлел ретінде қолданылады. Бұл талап 2016 жылдан бері бар.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап банктер бейнежазбаларды кемінде 180 күн сақтауға міндетті. Алайда ақша алу сомасы мен жиілігіне қарай азаматтарды қосымша тіркеу қарастырылмаған.

Орталық қоғамда негізсіз үрей туғызбауға және ресми ақпаратқа ғана сүйенуге шақырды.