homepage
фото: Juzmedia.kz

Петропавлда 170 млн теңгеге сатып алынған аялдамалар қатып жатыр

19.01.2026, 17:17

2024 жылы Петропавл қалалық әкімдігі 170 млн теңгеге 20 шақты жылы аялдама сатып алған болатын. Павильондар халық көп жүретін жерлерге орнатылды. Алайда қала тұрғындары әлі күнге жылы аялдамалардың қызығын көре алмай келеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Жалпы, бұл аялдамалар төңірегіндегі дау нысан орнатылған күннен-ақ жалғасып келеді. Қоғам белсендісі Жанат Мұхаметжанов мемлекеттік сатып алу процесінің өзі күмән тудырғанын айтады. Әр аялдаманың құны 8,5 млн теңгеге бағаланған. Ал нарықтағы баға басқа болатын, дейді ол.

“Аялдамалар бір көзден сатып алынды. Осының өзі күмән туғызады. Былтыр қарағанымда аялдаманың бағалары интернетте 2,5-3 млн теңгенің төңірегінде еді. Ол кезде бұндай қаражатқа Петропавл қаласында бір бөлмелі пәтер немесе жатақханадан бөлме сатып алуға жететін”, - дейді Жанат Мұхамеджанов.

Қала тұрғындары осынша ақшаға бюджет қаржысына сатып алынған аялдамалардың қараусыз қалғанына наразы. Қай аялдамаға бас сұқсаң да, шашылған қоқыс, жарық пен жылу әлі күнге жоқ. Қалалық әкімдік өкілдері екі жылдан бері қараусыз тұрған аялдамаларға жуық арада жылу беріп, жарық желісін тартамыз деп сендіріп отыр.

“Электрмен жабдықтау жүйесін қайта қосу жұмыстары жүргізілуде. Себебі, қолданыстағы электр желілерінінің кернеуі жаңа, қуаты жоғары жабдықтардың талаптарына сәйкес келмеді. Аталған жұмыстарды қаңтар айында аяқтау жоспарланған. Қазіргі таңда 18 павильонның 7-еуі жылыту жүйесіне қосылып, қалыпты режимде жұмыс істеп тұр», - деді Петропавл қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы Бердімұрат Баймұқан.