homepage
Фото: ChatGPT арқылы жасалды

Жеке мектептерге талап қатаңдай түспек

19.01.2026, 17:14

Қазақстанда жекеменшік мектептерге қойылатын талаптар өзгереді. Бұл туралы Алматыда жеке мектептердің құрылтайшылары мен директорлары қатысқан кездесуде Жұлдыз Сүлейменова айтты деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, алдағы уақытта жеке мектептер елдің барлық өңірінде бірдей ашыла бермейді. Лицензия тек үш ауысымды мектептерді азайту, апатты жағдайда тұрған білім беру ұйымдарын алмастыру және мемлекеттік мектептер жетіспейтін аймақтарда ғана беріледі. Яғни жекеменшік сектор енді нақты тапшылық бар жерлерге бағытталады.

Министрлік жеке мектеп құрылтайшыларының жауапкершілігін де күшейтпек. Енді олар тек қаржыға емес, білім сапасына, мұғалімдердің кәсіби деңгейіне және оқушылардың қауіпсіздігіне тікелей жауапты болады. Сонымен қатар мектеп директорларын тағайындау тәртібі де өзгереді. Бұдан былай директорды құрылтайшы өз бетінше бекітпейді, бұл шешім салалық министрлік пен жергілікті атқарушы органдардың келісімімен қабылданады.

Қазір елдегі 785 жеке мектептің құжаттары цифрлық форматқа көшірілген. Жалпы лицензиясы бар жекеменшік мектептердің саны – 890. Үкімет жаңадан ашылатын жеке мектептерге мемлекеттік тапсырыс орналастыруға мораторий енгізуді де қарастырып отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Олжас Бектенов жекеменшік мектептер мен медициналық ұйымдарды субсидиялау кезінде алаяқтық белгілері бар екенін айтып, мәселені қысқа мерзімде шешуді тапсырған болатын. 2025 жылы жеке мектептерге бюджеттен шамамен 74 млрд теңге бөлінген. Қаржы министрлігі бұл қаражаттың негізгі бөлігі оқу жылы басында жиналып қалған қарызды өтеуге жұмсалғанын хабарлады.