Солтүстік Қазақстан облысы Ольшанка ауылында үй өртеніп, салдарынан бес жастағы қыз бала қайтыс болды. Алдын ала мәлімет бойынша үйдің үлкендері пеш жағып, қыз баланы жалғыз қалдырып, үйді құлыптап өздері қонаққа кеткен.
Отбасы аз қамтылған отбасы ретінде тіркеуде тұр. Көршілердің айтуынша, ата-анасы кішкентай баласын жиі жалғыз қалдырып кетеді. Іс қозғалып, тергеу басталды.
Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысында өрт шығу дерегі жиілеп кетті. Он күнде 5 адам көз жұмған.
Тағы бір дерек. Приишимка ауылында газ баллоны жарылып, салдарынан 1973 жылы туған ер адам оқиға орнында қаза тапты. Ал, 9 қаңтар күні М.Жұмабаев ауданында да тұрғын үй өртеніп, әкесі мен екі баласы жанып кеткен болатын. Мамандар 2024 жылы туған баланың мәйітін 13 сағат бойы іздеген. Тағы бір баланың жасы 3-тен асқан. 5 адамның өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.