homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Шопандарға әлеуметтік төлем тағайындалды

19.01.2026, 15:06

Қазақстан Үкіметі мал шаруашылығын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті. Құжат елдегі ет өндірісі мен экспортын ұлғайтып, саланы экономиканың тірегіне айналдыруды көздейді, деп хабарлайды Juzmedia.kz Қазақстан Үкіметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жоспарға сәйкес, алдағы бес жылда ірі қара мал саны 7,9 миллионнан 12 миллион басқа дейін, ал ұсақ мал 20,2 миллионнан 28 миллион басқа дейін өседі. Ет өндірісі 1,2 миллион тоннадан 1,8 миллион тоннаға жетіп, экспорт көлемі 82 мың тоннадан 165 мың тоннаға дейін екі есеге артады. Бұл Қазақстанды өңірдегі негізгі ет экспорттаушы елдердің қатарына шығаруға мүмкіндік береді.

Үкімет мал басын көбейту үшін қаржылай қолдауды күшейтпек. Ауыл шаруашылығы жануарларының барлық түріне асыл тұқымды мал сатып алуға жылдық 6 пайызбен жеңілдетілген несие беру жоспарланған. Бұл бағытқа жыл сайын 300 миллиард теңге бөлінеді. Сонымен қатар шалғай аймақтардағы мал шаруашылығын жандандыру және жайылым инфрақұрылымын дамыту үшін 50 миллиард теңге көлемінде бірыңғай жеңілдетілген несие қарастырылған.

Мал азығы мәселесі де назардан тыс қалмайды. Үкімет жем-шөп дайындауға арналған техника мен жабдық сатып алуға 5 пайыздық мөлшерлемемен қосымша 50 миллиард теңге бағыттауды көздеп отыр. 

Кешенді жоспардың әлеуметтік бөлігі де бар. Шопандар мен бақташыларға 55 жасқа толғаннан кейін арнайы әлеуметтік төлемдер беру, сала мамандарына арналған тұрғын үй салу сияқты шаралар енгізіледі. Қазірше шопандарға төленетін әлеуметтік көмек механизмінің егжей-тегжейі хабарланған жоқ.