Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамптан Газа мәселесі бойынша Бейбітшілік кеңесінің құрамына кіруге ресми шақырту алды. Сонымен қатар Қазақстанға осы кеңестің құрылтайшы мемлекеттерінің бірі болу ұсынылған. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұған дейін Дональд Трамп Газаға қатысты Бейбітшілік кеңесін құру туралы бастама көтерген еді. АҚШ басшысы бұл кеңеске құрылтайшы ел ретінде қатысуға бірқатар мемлекеттің көшбасшыларына ресми шақырту жолдаған. Аргентина, Мажарстан, Түркия, Пәкістан, Мысыр, Иордания, Қатар және Италия аталған ұсынысты алғандарын және қабылдағандарын жария етті.
Осындай шақырту Қазақстанға да жіберілген. Ақорда бұл ұсынысты қабылдаған.
«Бірқатар елдің көшбасшылары Президент Дональд Трамптан осындай ресми шақыру алғанын жария түрде мәлімдегеннен кейін, бұл фактіні жасыру дұрыс болмас еді. Иә, Қасым-Жомарт Тоқаев әлем көшбасшыларының арасында алғашқылардың бірі болып Бейбітшілік кеңесінің құрамына кіруге, ал Қазақстанға осы кеңестің құрылтайшы мемлекеттерінің бірі болуға ресми шақырту алды. Мемлекет басшысы АҚШ Президентінің атына жауап хат жолдап, шынайы ризашылығын білдірді және жаңа бірлестіктің құрамына кіруге келісетінін жеткізді. Президент Қазақстанның Таяу Шығыста берік бейбітшілікке қол жеткізуге жан-жақты үлес қосуға, мемлекетаралық сенім мен жаһандық тұрақтылықты нығайтуға дайын екенін білдірді», – деді Руслан Желдібай.