Орталық Азия елдері арасында алкогольді ең көп тұтынатын ел – Қазақстан. World Population Review осындай қорытынды жасап отыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Статистикаға сәйкес, Қазақстанда бір адам жылына орта есеппен 5,4 литр таза спиртке шаққандағы алкоголь өнімдерін тұтынады. Салыстыру үшін, Өзбекстанда бұл көрсеткіш 2,1 литр, ал Қырғызстанда – 3,9 литр. Тәжікстанда (0,7 литр) мен Түркіменстанда (0,3 литр) алкоголь тұтыну деңгейі әлдеқайда төмен.
Рейтинг авторлары Орталық Азия елдерінде ішімдік тұтыну көлемінің салыстырмалы түрде төмен болуын ислам дінінің ықпалымен байланыстырады.
World Population Review деректеріне қарағанда, әлемде алкогольді ең көп тұтынатын мемлекеттер Шығыс және Орталық Еуропада шоғырланған. Бірінші орында – Румыния, мұнда бір адамға шаққандағы жылдық көрсеткіш 17,1 литр. Одан кейін Грузия (15,5 литр) мен Латвия (14,7 литр) орналасқан. Алғашқы бестікке сондай-ақ Молдова (14,1 литр) мен Чехия (13,7 литр) енген.
Есепте Сауд Арабиясы, Ауғанстан және Бангладеш сияқты елдерде алкоголь тұтыну жөнінде ресми дерек мүлде тіркелмегені айтылған. Ең төмен көрсеткіш Мысырда, Пәкістанда, Индонезияда, сондай-ақ Иран, Сирия және Кувейтте байқалған. Бұл мемлекеттерде жан басына шаққандағы жылдық тұтыну көлемі небәрі 0,1 литрді құрайды.
Айта кетейік, World Population Review — 2013 жылы құрылған, демографиялық деректер мен статистикаға маманданған тәуелсіз ғылыми басылым.