Әлеуметтік желі мен мессенджерлерде Алматыдағы оқу орындарына шабуыл жасалады деген мазмұндағы үрейлі хабарламалар тарады. Аталған ақпаратқа қатысты полиция ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Жазбаларда қару-жарақтың суреттері мен қаладағы бірқатар мектептің нөмірлері көрсетіліп, сол оқу орындарында теракт жасалатыны туралы айтылады. Алматы қалалық полиция департаменті бұл мәліметтің жалған деп отыр.
«Қазіргі уақытта қаладағы барлық оқу орнындағы жағдай толық бақылауда. Полиция мен өзге де жедел қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Балалар мен педагогтердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шара қабылданды», – деп хабарлады департамент.
Полицияның мәліметінше, жалған ақпарат тарату дерегі бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары басталған.
«Хабарламаның авторы мен оның бастапқы көзі анықталып жатыр. Фейк ақпаратты таратқан тұлға қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады», – делінген ресми түсініктемеде.
Сондай-ақ полиция азаматтарды сабыр сақтауға шақырды.
«Дүрбелеңге берілмеуді және тек мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының ресми дереккөздеріне ғана сенуді сұраймыз. Балалардың қауіпсіздігіне қатысты әдейі жалған ақпарат тарату – ауыр құқық бұзушылық және ол үшін заңда жауапкершілік қарастырылған», – деп ескертті ведомствода.
Айта кетейік, бұған дейін дәл осындай мазмұндағы хабарламалар Шымкент қаласындағы мектептерге қатысты да тараған еді.