homepage
фото: видеодан алынған кадр

Бір кресло - 20 млн теңге: университет ұжымы сотталмақ

19.01.2026, 11:38

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің бір топ қызметкері бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталмақ. Олар сатып алатын тауарлар бағасын әдейі көтеріп, жалған шарттар жасасқан. Мысалы, университет басшылығы нарықтық құны 200 мың теңгеден аспайтын бір креслоны 20 млн теңгеге сатып алған. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

ҚМА мәліметінше, күдіктілер қатарында бұрынғы бірінші проректор, қаржы және әкімшілік департаменттердің директорлары, өндірістік-техникалық бөлімнің қойма меңгерушісі, сондай-ақ мердігер ұйымдардың басшылары бар.

«Күдіктілер тауарлар іс жүзінде жеткізілмеген немесе жасанды түрде қымбат бағамен сатып алынған, жалған мемлекеттік сатып алу шарттарын жасасқан. Байланысы бар жеке кәсіпкерлер мен коммерциялық ұйымдардың шоттарына аударылған қаражат кейінен қолма-қол ақшаға айналдырылып, қылмыстық қатысушылар арасында бөлінген. Мысалы, осы схема аясында университет басшылығы нарықтық құны 200 мың теңгеден аспайтын бір креслоны 20 млн теңгеге сатып алған», – делінген ҚМА ақпаратында.

Салдарынан мемлекетке 321 млн теңге көлемінде залал келтірілді. Тергеу барысында күдіктілер 264 млн теңгені ерікті түрде өтеді. Соттың санкциясымен олардың мүлкіне – 4 тұрғын үйге, 1 автокөлікке және банктік шоттардағы 40 млн теңге көлеміндегі ақшалай қаражатқа тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.