homepage
Фото: Видеодан алынған кадр

Баласын аяусыз ұрған әйел ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін

19.01.2026, 11:14

Жетісу облысында баласын байлап тұрып, аяусыз соққан әйел ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz. 

Әлеуметтік желіде баласын батареяға байлап тұрып, аяусыз ұрып-соғып жатқан видео тарады. Оқиға Жетісу облысындағы Жаркент қаласында болған. Тексеру барысында әйелдің 28 жаста екені, екі баласын ұрып, түрлі жене жарақаттарын салғаны анықталды. 

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Әйел қажетті тергеу әрекеттерін жүргізу үшін полиция бөліміне жеткізіліп, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Зәкиеваның айтуынша, балалар қазір қауіпсіз жерде. 

«Әйел тергеу әрекеттерін жүргізу үшін полиция бөліміне жеткізіліп, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Балалар қауіпсіз жерде. Қорғаншылық және қамқоршылық органы атына ата-ана құқықтарынан айыру мәселесін қарау үшін тиісті ұсыныс жолданады», – деп жазды Зәкиева.

Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің хабарлауынша, зардап шеккен балаға қажетті медициналық көмек көрсетілді. Балаларға психологиялық қолдау көрсетіліп жатыр.