homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Ирандағы наразылық құрбандарының саны 5 мыңға жуықтады

19.01.2026, 10:31

Иранда ұзаққа созылған наразылықтар барысында қаза тапқандардың саны 5 мыңға жуықтап қалды. Бұл жайында Reuters агенттігіне елдің лауазымды тұлғаларының бірі хабарлаған. Оның айтуынша, мерт болғандардың шамамен 500-і қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Аты-жөні жарияланбаған парсы шенеунігінің дерегінше, ең қанды қақтығыстардың бірі Иранның солтүстік-батысында, күрдтер көп шоғырланған аймақта болған. Ол наразылыққа шыққандарды «содырлар» және «қарулы бүлікшілер» деп атаған. Сондай-ақ дереккөз қаза тапқандар саны бұдан әрі өспейді деген пікір білдірген.

Шенеунік наразылық білдірушілерге Израиль мен «шетелдің басқа да қарулы топтары» қолдау көрсетті деп айыптаған. Reuters агенттігінің жазуынша, жалпы Иран билігі ел ішіндегі наразылықтың себептерін сыртқы күштермен байланыстырады.

Сонымен қатар, бас кеңсесі АҚШ-та орналасқан HRANA адам құқықтарын қорғау ұйымы 17 қаңтардағы дерек бойынша 3308 адамның қаза тапқанын, 4382 іс тергеліп жатқанын және 24 мыңнан астам адамның ұсталғанын хабарлады.

Еске салайық, халық ұлттық валютаның күрт құнсыздануына наразы болып, 28 желтоқсанда көшеге шыққан. Кейін бұл наразылық тоталитарлық жүйеге қарсы ауқымды көтеріліске ұласты.