Қазақстанда «Жасанды интеллект туралы» заң қолданысқа енгізілді. Құжатқа қол қойылғаннан кейін өткен 60 күндік мерзім аяқталып, заң енді толық көлемде іске асып отыр. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап Juzmedia.kz хабарлайды.
Заң жасанды интеллектіні қолданудың негізгі қағидаларын айқындайды. Басты ұстаным ретінде адам және оның құқықтары технологиядан жоғары қойылған. Билік өкілдерінің айтуынша, жасанды интеллект адамның еркін таңдауына және шешім қабылдау мүмкіндігіне нұқсан келтірмеуі тиіс.
Жасанды интеллект жүйелерін пайдалану дербес деректер мен құпия ақпаратты қорғау талаптары сақталған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Мұндай жүйелердің қауіпсіздігіне оларды иеленушілер мен қолданушылар жауапты болады.
Барлық жасанды интеллект жүйелері тәуекел деңгейіне қарай үш санатқа бөлінген: төмен, орта және жоғары. Мемлекеттік деректермен жұмыс істейтін немесе маңызды салаларда қолданылатын жоғары тәуекелді жүйелер мемлекеттік ақпараттық жүйелерге қойылатын қауіпсіздік талаптарына сай болуы қажет.
Қазақстанда адамдарды жасырын түрде ықпал етуге немесе манипуляциялауға арналған, жасына, денсаулығына немесе әлеуметтік жағдайына байланысты осал топтарды пайдаланатын, әлеуметтік немесе биометриялық кемсітушілікке жол беретін, адамның келісімінсіз эмоциясын анықтайтын, дербес деректер туралы заңды бұзатын әрі тыйым салынған мазмұн тарататын жасанды интеллект түрлеріне тыйым салынды.
Сонымен қатар тауар, қызмет немесе жұмыс жасанды интеллект арқылы жасалған жағдайда, пайдаланушылар бұл туралы алдын ала хабардар етілуі тиіс. Мұндай мазмұн арнайы белгімен және түсінікті ескертумен рәсімделуі қажет.
Жасанды интеллект көмегімен жасалған өнімдер авторлық құқық нысаны ретінде тек адам тарапынан шығармашылық үлес болған жағдайда ғана танылады. Мәтіндік сұраныстар да авторлық құқықпен қорғалады. Ал өзге авторлардың туындыларын жасанды интеллектіні үйрету үшін пайдалану автор тарапынан арнайы тыйым салынбаған жағдайда мүмкін.
Министрлік жаңа заң жасанды интеллектіні дамыту үдерісін азаматтар үшін қауіпсіз әрі түсінікті етуге бағытталғанын атап өтті.