homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Алматыда ойын-сауық орнында есірткі таратты деген күдікпен аспаз ұсталды

18.01.2026, 12:33

Алматыда мегаполистегі танымал ойын-сауық орындарының бірінде келушілерге есірткі заттарын таратты деген күдікпен ас үй қызметкері ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz жазды деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Жедел іс-шара барысында күдікті тікелей жұмыс орнында қолға түскен. Полицейлердің мәліметінше, ол демалыс орнына келген адамдарға есірткі заттарын таратумен айналысқан деген күдікке ілінген.

Жеке тінту кезінде күдіктіден ұнтақ тәрізді зат және өзіне тән иісі бар өсімдік тектес масса табылып, тәркіленді. Барлық айғақ заттар сараптамаға жолданған. Сонымен қатар полицейлер оның тұрғылықты мекенжайында қосымша тінту жұмыстарын жүргізді.

Алматы қаласы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаевтың айтуынша, құқық қорғау органдарының басты мақсаты – есірткінің таралуына тосқауыл қою және жастарды осы қауіптен қорғау. Оның сөзінше, адамдар көп жиналатын демалыс орындарында мұндай қатаң әрі жүйелі шаралар алдағы уақытта да жалғасады.

Күдікті қамауға алынды. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар өзге тұлғаларды және жеткізу арналарының бар-жоғын анықтап жатыр.