Еуропалық одақ елдері АҚШ президенті Дональд Трамптың Дания Гренландияны сатуға келіспесе, қосымша кедендік баж салығын енгізу туралы қоқан-лоққысынан кейін ортақ әрі үйлестірілген жауап беруге уағдаласты. Бұл туралы Euronews мәліметіне сүйеніп Juzmedia.kz хабарлайды.
ЕО көшбасшылары мұны бұрын-соңды болмаған шиеленіс деп бағалап отыр. Олардың пікірінше, мұндай қадам жаңа сауда соғысына түрткі болып, трансатлантикалық одаққа елеулі соққы беруі мүмкін. Урсула фон дер Ляйен, Франция президенті Эммануэль Макрон және Германия канцлері Фридрих Мерц Еуропаның егемендігін қорғауда бірлік сақталатынын мәлімдеді. Ақ үй 1 ақпаннан бастап сегіз еуропалық елге қатысты қосымша 10 пайыздық баж салығын енгізетінін хабарлаған.
Еске салсақ, өткен жазда ЕО мен АҚШ келісімге келіп, еуропалық тауарларға салынатын бажды 15 пайызға дейін өсірген, ал америкалық өнеркәсіптік тауарларға тарифтерді нөлге түсірген еді. Ол кезде Брюссель бұл келісімді АҚШ-тың Украина мәселесіне араласуы мен жаһандық тұрақтылықты сақтау жолындағы «саяси баға» ретінде түсіндірген.
Еуропалық кеңес төрағасы Антонио Коста жағдайға байланысты ЕО көшбасшыларының әрекетін үйлестіретінін айтты. Дегенмен, сауда келіссөздері Еурокомиссияның құзыретінде болғанымен, АҚШ жекелеген елдерді немесе нақты тауарлар мен салаларды нысанаға алуы мүмкін екені де жасырылмайды.
Бұл жағдай ЕО-ның Трампқа қатысты «жұмсарту стратегиясын» қайта қарауға мәжбүр етті. Euronews дерегінше, Брюссель 2023 жылы қабылданған саудадағы мәжбүрлеуге қарсы құралды іске қосу мүмкіндігін талқылап отыр. Аталған тетік үшінші елдердің мемлекеттік сатып алуларға қатысуын шектеуге, сауда лицензияларын бермеуге және ЕО ішкі нарығына қолжетімділікті жабуға мүмкіндік береді.
Ал Копенгагенде АҚШ-тың Гренландияны сатып алу жоспарына қарсы наразылық акциялары өтіп жатыр. Сонымен қатар АҚШ Конгресінің бір топ өкілі де бұл бастамаға қарсы екенін ашық білдірген.