homepage
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Жекеменшік мектептерді ашу мен басқару тәртібі өзгереді

18.01.2026, 11:16

Қазақстанда жекеменшік мектептерді ашу, лицензиялау және басқару тәртібі өзгереді деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Алматы қаласында жекеменшік оқу орындарының құрылтайшылары мен директорларымен өткен кездесуде айтты.

Министрдің сөзінше, жаңа жекеменшік білім беру ұйымдары енді тек нақты қажеттілік болған жағдайда ғана ашылады. Лицензиялар үш ауысымды мектептердің орнын басу, апатты жағдайдағы ғимараттарды алмастыру немесе оқу орындары жетіспейтін өңірлерде ғана берілмек.

Сонымен қатар билік жекеменшік мектептердің құрылтайшыларына қойылатын талаптарды күшейтуді жоспарлап отыр. Білім сапасына, педагогтердің кәсіби даярлығына және балалардың қауіпсіздігіне жауапкершілік тікелей мектеп иелеріне жүктеледі.

Өзгерістер мектеп басшылығына да қатысты. Енді директорларды тағайындау құрылтайшылардың жеке шешімімен шектелмей, салалық министрлік пен жергілікті атқарушы органдармен келісу арқылы жүзеге асырылады.

Қазіргі таңда елде лицензиясы бар 890 жекеменшік мектеп жұмыс істейді. Олардың 785-інің лицензиялық құжаттары цифрлық форматқа көшірілген. Сонымен бірге үкімет жаңа ашылатын жекеменшік мектептерге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға мораторий енгізу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Билік өкілдері бұл өзгерістердің мақсаты жекеменшік мектептер санын қысқарту емес, білім беру нарығын ретке келтіріп, оны оқушылар үшін ашық әрі қауіпсіз ету екенін атап өтті.