homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Жангелдинде жоғалған отбасының балаларын іздеу тоқтатылды

17.01.2026, 13:03

Атырау облысындағы Жангелдин ауылында хабар-ошарсыз кеткен Наурыз бен Мирамгүлді іздеу тоқтатылды. Бұл туралы Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті «Ақ Жайық» басылымына мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Ведомствоның мәліметінше, полиция белгілеген барлық аумақ күштік құрылымдардың көмегімен толық тексерілген. Қазіргі уақытта іздеуді жалғастыруға қатысты жаңа бағдар немесе қосымша сұраныс түспеген.

Еске салайық, 6 қаңтар күні Жангелдин ауылынан 66 жастағы Максот Қарабалин мен оның 64 жастағы жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның мәйіттері табылған болатын.

Марқұмдардың үш баласы бар: 35 және 30 жастағы екі қызы, сондай-ақ 32 жастағы ұлы. Ерлі-зайыптылар мен олардың екі баласы 2025 жылдың 25 желтоқсанында ресми түрде іздеуге жарияланған. Алайда туыстары олармен байланыс одан бұрын, қараша айында үзілгенін айтады.

Іс бойынша басты күдікті ретінде қаза тапқандардың күйеу баласы, 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиев танылып, халықаралық іздеуге жарияланған. Ал оның жұбайы, марқұмдардың кенже қызы Ақбаян Мұқанғалиева да халықаралық іздеуде жүр. Әлеуметтік желілерде олардың қай елде болуы мүмкін екені туралы түрлі болжамдар айтылғанымен, полиция іздеу бағыттарын құпия ұстап отыр.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ерлі-зайыптылардың бес немересі бар. Қазіргі таңда балалар әкесінің туыстарының қамқорлығында.