Шешенстанның бұқаралық ақпарат құралдары Рамзан Қадыровтың кіші ұлы жол апатына түсіп, хәл үстінде жатқанын жазып жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
18 жастағы Адам Қадыров мінген кортеж Грозный қаласының көшесінде жоғары жылдамдықпен жүріп келе жатып, өзге көліктермен соқтығысқан. Қадыровтың ұлы ес-түссіз күйде, Грозный қаласындағы республикалық аурухананың жан сақтау бөліміне жеткізілген. .Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап отыр. Дереккөздердің мәліметінше, медициналық мекемеге кіретін жолдар жабылған. Оның қазіргі жағдайы туралы ресми ақпарат жоқ.
Адам Қадыров Рамзан Кадыровтың үшінші, әрі сүйікті ұлы, оны өзінің ізбасары етіп қою жоспары бар деп хабарлайды кейбір дереккөз.
Оның атқарар лауазымы да, алған марапаты да көп. Ол Шешенстанның Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы әрі әкесінің көмекшісі. Сонымен қатар, Газа тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету ісіне жауапты және Украинаға қарсы соғысып жатқан екі батальонның кураторы қызметін атқарады.