Бүгін Алматы қаласы Бостандық аудандық соты адвокат Мұрат Адамды лицензиясынан айырды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Іс материалдарын зерделей келіп, сот адвокаттың кәсіби әдеп нормаларын бірнеше рет өрескел бұзғанын анықтады.
Талап қоюшы тараптың нұсқасы бойынша, Orda.kz басылымының негізін қалаушы және теңқұрылтайшы Гүлнәр Бажкеноваға қатысты қылмыстық іске қатысқаннан кейін, адвокат әлеуметтік желілерде сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы туралы шындыққа жанаспайтын ақпараттарды бірнеше мәрте жариялаған.
Сот шешіміне пікір білдірген Мұрат Адам бұл шешімнің өзі үшін түсініксіз екенін жеткізді.
«Маған қарсы берілген талап-арыздағы әрбір уәжді жоққа шығару үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Әділет министрлігі негіз етіп алған барлық дәлелдерді теріске шығардық. Сондықтан бүгінгі сот шешімі мен үшін күтпеген жағдай болды. Әлі сот актісін алған жоқпыз. Онымен танысқаннан кейін, апелляциялық шағым беру құқығымызды пайдаланамыз», – деді адвокат.
Қазір үйқамақта отырған Гүлнәр Бажкенованың мүддесін енді кім қорғайтыны туралы сұраққа адвокат жауап берді.
«Қазіргі таңда нақты ештеңе айта алмаймын, себебі сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Егер апелляциялық шағым беріліп, шешім күшіне енсе, қорғаушы заңда белгіленген тәртіппен тағайындалады», – деді ол.
Мұрат Адамның пікірінше, бүгінгі сот шешімі – Қазақстандағы адвокатураға жасалып отырған қысым.