Шымкентте өзін алып қашып, некеге мәжбүрлегенін және зорлағанын айтқан қыздың шағымынан кейін ер адам ұсталды. Бұл туралы қала полиция департаменті хабарлады, деп жазады Juzmedia.kz.
Полицияның мәліметінше, жәбірленушінің арызы негізінде Қылмыстық кодекстің 125-1-бабы – «Некеге тұруға мәжбүрлеу» бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Іске қатысы бар барлық тұлғалар полиция басқармасына жеткізілді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп хабарлады ведомство.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде «қалыңдықты» алып қашу сәті түсірілген видео тараған. Алдын ала мәліметке сәйкес, қыз кәмелет жасына толмаған болуы мүмкін.
Видеода қыздың өз еркінен тыс үйге әкелінгені, онда күдіктінің туыстары оны қалуға үгіттегені айтылады. Қыз бас тартқаннан кейін, оны өз еркімен келгені жөнінде қолхат жазуға мәжбүрлеген. Ал кейін жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген.
Жәбірленушінің айтуынша, болған оқиғадан кейін ешкім жауапқа тартылмаған. Қазіргі уақытта бұл оқиға бойынша тергеу басталды.