homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Әлемдік рейтинг: Қазақстан қаншалықты қауіпсіз?

16.01.2026, 16:09

Қазақстан әлем елдерінің бейбітшілік рейтингінде бес саты жоғарылап, қауіпсіздігі «жоғары» елдер қатарына енді. Ал бірнеше жылдан бері соғыс жүріп жатқан Украина мен Ресей тізімнің ең соңында тұр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Әлемнің 2025 жылға арналған бейбітшілік индексін Экономика және бейбітшілік институты дайындаған. Зерттеуге 163 ел кірген. Қазақстан бір жылда бес саты көтеріліп, 56-орынға тұрақтаған.

Рейтингте қауіпсіздігі «өте жоғары» деп бағаланған 12 ел бар. Алғашқы үштікке Исландия, Ирландия және Жаңа Зеландия кірсе, Австрия мен Швейцария алғашқы бестіктен орын алды.

Алғашқы ондыққа Сингапур, Португалия, Дания, Словения және Финляндия енген. Чехия мен Жапония да қауіпсіздігі өте жоғары елдер қатарында аталды.

Қауіпсіздігі «жоғары» деп танылған 50 елдің ішінде Қазақстан да бар. Ал Орталық Азиядағы өзге мемлекеттердің қауіпсіздік деңгейі «орташа» санатта қалған. Түркия қауіпсіздігі өте төмен елдерге жақын орналасқан.

2022 жылғы ақпаннан бері соғыс жүріп жатқан Украина мен Ресей бейбітшілік индексінің ең төменгі сатыларынан табылды.

Рейтинг бейбітшілікке әсер ететін 23 көрсеткіш негізінде жасалған. Сарапшылар қоғамдағы қауіпсіздік деңгейін, ішкі және сыртқы қақтығыстар ауқымын және елдердің милитаризация деңгейін бағалаған.