Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёль бірнеше айып бойынша 5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Үкімді Сеулдің Орталық аудандық соты 2024 жылдың желтоқсанында елде қысқа мерзімге әскери жағдай енгізуіне байланысты қозғалған іс аясында шығарды. Бұл – экс-президентке қатысты осы іс бойынша жарияланған алғашқы сот шешімі.
Сот материалдарына сәйкес, Юн Сок Ёль былтыр тергеушілердің оны ұстау әрекетіне кедергі келтірген. Тергеу мен сот процесі 2024 жылдың желтоқсан айының басында басталған саяси дағдарыстан кейін өрбіді. Сол кезде бюджетке қатысты саяси тартыстар аясында Юн күтпеген жерден елде әскери жағдай енгізілетінін жариялап, оппозицияны «мемлекетке қарсы әрекеттерге барды» деп айыптаған. Алайда парламент бұл шешімді қолдамады, ал президент бір күннен кейін жарлықты кері қайтаруға мәжбүр болды.
14 желтоқсанда Ұлттық ассамблея Юн Сок Ёльге импичмент жариялады. 2025 жылдың сәуір айының басында бұл шешімді Конституциялық сот түпкілікті мақұлдады. 15 қаңтарда экс-президент қамауға алынды, алғашқы ұстау әрекетіне президент күзеті кедергі келтірген. Кейін сот оны қамауға алу туралы шешім шығарғанымен, 8 наурызда қорғау тарапының өтініші қанағаттандырылып, Юн уақытша босатылды. Алайда шілде айында ол қайтадан қамауға алынды.
Бүгін шыққан үкім экс-президентке тағылған айыптардың бір бөлігі бойынша ғана қабылданған. Бұған дейін Оңтүстік Корея прокурорының арнайы тобы Юн Сок Ёльге әскери жағдай енгізуге әрекеттенгені үшін өлім жазасын тағайындауды талап еткен. Сонымен қатар прокуратура сот төрелігіне кедергі келтірді деген айыппен 10 жылға бас бостандығынан айыруды, тергеушілерді резиденция аумағына кіргізбеуге тырысқаны үшін тағы 5 жыл түрме жазасын сұраған.
Айыптаушы тарап сондай-ақ әскери жағдайға қатысты кеңеске шақырылмаған министрлер кабинеті мүшелерінің құқықтарын бұзғаны, шетелдік БАҚ-та жалған ақпарат таратқаны және әскери жағдай туралы жалған жарлықты дайындап, кейін жойғаны үшін қосымша жаза талап еткен.