Астанада Tinder қосымшасында өзін «Нұрай» деп таныстырып, ірі көлемде алаяқтық жасаған 20 жастағы қала тұрғыны сотталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ол танысу платформасында әйел адамның атымен жалған аккаунт ашып, Telegram желісіне сілтеме қалдырған.
Тергеу дерегіне сәйкес, күдікті Telegram-да бейтаныс қыздың суретін пайдаланып, жәбірленушімен ұзақ уақыт хат алмасқан. Кездесуге уәде беріп, әртүрлі сылтаумен ақша сұраған. Нәтижесінде жәбірленуші үш айға жетпейтін уақыт ішінде 4 миллион теңгеден астам қаржысын аударған.
Сот айыпталушыны ақпараттық жүйе пайдаланушысына қатысты ірі көлемде жасалған алаяқтық үшін кінәлі деп таныды. Жаза тағайындау кезінде оның кінәсін мойындауы, келтірілген шығынды өз еркімен өтеуі және ауырлататын мән-жайлардың болмауы ескерілді. Үкімге сәйкес, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді.
Прокуратура интернеттегі виртуалды таныстарға сенудің үлкен қаржылық шығынға әкелуі мүмкін екенін ескертіп, азаматтарды сақ болуға шақырды.