Шығыс өңірлерде аяз күшейіп, кей жерде ауа температурасы –36 градусқа дейін төмендейді. Солтүстік, орталық және батыс аймақтарда күн суық болса, оңтүстікте жылымық сақталады.16 қаңтарға арналған Қазгидромет ұсынған ауа-райы болжамы осындай деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Елордада жауын-шашынсыз, түнде –30 градусқа дейін аяз, күндіз –23 градус шамасында болады. Алматыда қар жауып, күндіз –5 градусқа дейін жылынады. Шымкент пен Түркістанда жаңбыр мен қар аралас жауын жауып, күндіз ауа температурасы +7…+8 градусқа дейін көтеріледі.
Өскемен, Павлодар, Семей мен Петропавлда түнгі аяз –33…–36 градусқа жетіп, күндіз де –25…–30 градус сақталады. Қарағанды, Қостанай, Көкшетау өңірлерінде де сынап бағанасы төмендейді. Батыс аймақтарда, соның ішінде Ақтау, Атырау мен Оралда жауын-шашынсыз, аяз –5…–20 градус аралығында болады.