homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Петропавлда ауруханаға барам деп жоғалып кеткен зейнеткер үсіп қайтыс болған

16.01.2026, 09:33

Кеше түстен бері хабар-ошарсыз кеткен 75 жастағы Петропавл тұрғыны аурухана маңынан табылып, жедел жәрдем көлігінде көз жұмды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Әйелдің жоғалғаны туралы ақпарат 14 қаңтар күні еріктілердің LIDER.KZ қозғалысының әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланған. Мәліметке сәйкес, зейнеткер сол күні шамамен сағат 13:00-де үйінен ауруханаға қарай шығып, қайта оралмаған.

Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

Аурухана зейнеткердің үйінен бірнеше минуттық жерде орналасқанмен, денсаулық жағдайына байланысты ол бағдарынан жаңылуы мүмкін. 

Іздеу жұмыстарына полиция қызметкерлері, СОБР, Ұлттық ұлан әскери қызметшілері мен еріктілер жұмылдырылып, барлығы 60-тан астам адам тартылған. Қатты аяз іздеуді қиындатқан.

15 қаңтар таңертең зейнеткерді ауруханаға жақын, адам сирек жүретін аумақта учаскелік инспектор тапқан.

«Әйелдің жағдайы өте ауыр болды, қатты үсіп қалған. Ол жедел жәрдемге тапсырылды, алайда өмірін сақтап қалу мүмкін болмады», – деп хабарлады баспасөз қызметі.

Полиция тұрғындарды денсаулығына байланысты бағдарынан жаңылуы мүмкін қарт туыстарының өз бетімен сыртқа шығуын мұқият бақылауға шақырды. Қазір Петропавл мен өңірде ауа температурасы минус 35–38 градусқа дейін төмендеп, барлық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.