homepage
Фото: ChatGPT арқылы жасалды

Ақылды қала салуға билік триллиондап теңге бөлмек

15.01.2026, 16:05

2050 жылға дейін Алатау қаласының инфрақұрылымын дамытуға 10,4 трлн теңге бөлінбек. Оның 3,1 трлн теңгесін 2030 жылға дейін игерілмек. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды Jumedia.kz.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, Алатау қаласының Бас жоспары жаңартылып, инженерлік желілердің схемалары, егжей-тегжейлі жоспарлау құжаттары және инфрақұрылымды дамытудың жол картасы бекітілді.

Жол картасының алғашқы кезеңі 2026–2027 жылдарды қамтиды. Осы аралықта жалпы құны 365,1 млрд теңге болатын 21 жоба іске асырылмақ. Бұл кезеңде қосалқы стансалар, су жинау тораптары, газ құбырлары салынып, қолданыстағы инженерлік инфрақұрылым жаңғыртылады.

Екінші кезең 2028–2030 жылдарға жоспарланған. Бұл уақытта 312,5 млрд теңгеге 9 жоба жүзеге асырылады. Атап айтқанда, екі қосалқы станса, автоматтандырылған газ тарату стансасы бар газ құбыры, кәріз тазарту нысандары және ұзындығы 49 шақырым болатын автомобиль жолдары салынады.

Инфрақұрылымды қаржыландыру тек бюджет есебінен емес, жеке инвестициялар мен EPC-келісімшарттар арқылы да жүргізіледі.

Сонымен бірге Алатау қаласында жалпы құны 1,5 трлн теңгені құрайтын 32 инвестициялық жоба қарастырылған. Қазіргі уақытта оның 20-сы жүзеге асырылып жатыр. Жобалар логистика, құрылыс және өнеркәсіп, туризм мен тамақ өнеркәсібі салаларын қамтиды.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов салық реформасынан түскен қаражат тікелей инфрақұрылымға бағытталатынын айтты.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет қажетті қаржыны бөліп отыр. Салық реформасы мемлекеттік қаржыны тұрақтандыру үшін жүргізілді. Бұл қаражат инфрақұрылымға салынады және тікелей экономикаға жұмыс істейді. Мемлекет инфрақұрылымға қаржы салса, инвесторлардың сенімі артады. Даму осылай басталады, басқа жол жоқ», – деді премьер-министр.

Алматы маңында Дубай, Сингапур және Тяньцзинь үлгісіндегі жаңа қала салынатыны туралы жаңалықты 2023 жылы Үкіметті басқарған Әлихан Смайылов жеткізген болатын. Сол кезде Алатау қаласының бас жоспары әзірленген. 

Алатау Қазақстандағы алғашқы «ақылды қала» атанбақ. Қаланы Алматы қаласымен байланыстыру үшін әуе таксилерін іске қосу жоспарда бар. Ал цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Алатаудың визасыз режимі бар, шетелдіктерге ашық «қазақстандық Дубайға» айналуы мүмкін екенін айтқан.

Қазіргі таңда депутаттар Алатау қаласына ерекше мәртебе беруді көздейтін заң жобасын қарауға алған.