Биыл сәуір айынан бастап банктер жеке тұлғалардың мобильді аударымдарына қатысты деректерді салық органдарына жолдай бастайды. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Комитеттің мәліметінше, банктерден алғашқы ақпарат 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша, яғни 15 сәуірге дейін салық органдарына түседі. Бұл деректер арнайы белгіленген талаптарға сай келетін азаматтарға қатысты болады.
Мемлекеттік кірістер комитетінің арнайы салық режимдерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Ерқанат Шынберген түсіндіргендей, бақылау мына тәртіппен жүргізіледі: банктер жеке шоттарға түскен барлық қаражатты талдайды. Егер үш ай қатарынан бір шотқа 100 және одан да көп әртүрлі адамнан ақша аударылып, сол үш айдағы жалпы сома 1 миллион теңгеден асса, банк бұл туралы салық органдарына хабар береді.
Сонымен бірге, егер есепшот кәсіпкерлік үшін емес, жеке мақсатта пайдаланылғаны анықталса, азамат мұны оңай дәлелдей алады. Салық органдары бірден шара қолданбайды, алдымен есепшот иесінің жеке кәсіпкер ретінде тіркелген-тіркелмегенін, салықтың толық төленуін тексереді. Сосын хабарлама жібереді, хабарлама алған азамат түсініктеме беріп, қаражаттың жеке қажеттілікке жұмсалғанын растай алады.
Ал егер аударымдар кәсіпкерлік қызметтен түскені дәлелденсе, азаматқа қосымша салық есептілігін тапсыру қажет болады. Егер ол жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген болса, тіркеуден өтуі тиіс.
Комитет өкілдері аударым түскен кез келген банк шоттары бұғатталмайды деп басу айтып отыр. Шот тек камеральдық бақылау нәтижесінде жіберілген хабарлама орындалмаған жағдайда және Салық кодексінде көрсетілген тәртіппен ғана бұғатталуы мүмкін.
Еске салайық, салық органдары жеке тұлғаны тексеруге үш шарт қатар орындалғанда кірісе алады:
– үш ай ішінде 100 және одан да көп адамнан ақша түскенде;
– бұл жағдай қатарынан үш ай қайталанғанда;
– аударымдардың жалпы сомасы ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен, яғни 1 020 000 теңгеден асқанда.
Бұған дейін салық органдары осындай шот иелері бір ай ішінде түсініктеме бермеген жағдайда банк шоттары 41-күні бұғатталуы мүмкін екенін ескерткен еді.