FlyArystan әуе компаниясының аса ірі көлемде қаржы жымқырды деп айыпталған үш қызметкеріне сот үкімі шықты. Дәуір Еркенұлы 9 жылға, Еркін Исанов пен Ренат Абулханов 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды деп хабарлайды Juzmedia.kz. Михаил Козачковтың Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Іс Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында қаралды. Сот үш айыпталушыны да «аса ірі көлемде ақша жымқыру» және «қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыру» баптары бойынша кінәлі деп таныды. Олар орташа қауіпсіздік деңгейіндегі түзеу мекемелерінде жазасын өтейді.
Сот шешіміне сәйкес, Еркенұлы, Исанов және Абулхановтың мүлкі тәркіленеді. Сонымен қатар, үшеуіне де бес жыл бойы коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынды. Тергеу изоляторында өткізген бір күні түрмедегі бір жарым күн ретінде есептелді. Еркенұлы мен Исанов 2024 жылғы 18 желтоқсаннан, ал Абулханов 24 желтоқсаннан бері қамауда отырған.
Соттың шешімімен Дәуір Еркенұлы мен оның туыстарының атына тіркелген төрт қымбат автокөлік Toyota Land Cruiser 200, Toyota Camry, Mercedes-AMG және Zikr маркалы көліктері тәркіленді.
Айыпталушылар сот шешімімен келіспейтінін мәлімдеп, үкімге шағым түсіретіндерін айтып отыр.
Еске салайық, әуе компаниясындағы қаржылық заңбұзушылық 2024 жылғы тексеріс кезінде анықталған. Топ-менеджерлер 1 млрд 54 млн теңгені қолды еткен.