homepage
Фото: Видеодан алынған кадр

Үндістандық студенттің көз жасы: іс сотқа жетіп, күзетші жазаланды

15.01.2026, 14:00

Шымкенттегі базардың бірінде үндістандық студентке дөрекі мінез көрсеткен қазақстандықтың ісі сотта қаралды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Видеоны Үндістаннан келген студент-блогер жариялаған. Ол қоғамдық орында еш кедергісіз видео түсіріп тұрғанын, сол сәтте белгісіз ер адам себеп түсіндірместен дөрекі мінез танытқанын айтқан. Кейін студенттің сөзінше, телефонын жұлып алып, сөмкесін тартып алған. Видеоны соңында жас жігіт жылап, көмек сұраған, сондай-ақ айналасындағылардың араша түспегенін жеткізген.

Оқиға қоғамда резонанс тудырып, полицияның назарына ілікті. Күдікті ұсталып, оның базар күзетшісі екені анықталған. Іс Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында "ұсақ бұзақылық” бабы бойынша қаралды. 

Сот барысында айыпталушы кінәсін мойындап, өкініш білдіріп, жазаны жеңілдетуді сұраған. Ал жәбірленуші оны кешіргенін айтып, ешқандай талап-арызы жоқ екенін жеткізген. Тараптардың татуласқанын ескерсе де сот күзетшіні әкімшілік жазаға тартып, 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 86 500 теңге айыппұл салды.

Бұл жағдайға Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі де назар аударды. Министрдің кеңесшісі Олжас Беркінбаев әлеуметтік желіде пікір білдіріп, мұндай оқиғалар Қазақстанның беделіне нұқсан келтіретінін айтқан.