Қазақстан Азия–Тынық мұхиты өңірінде алынған жоғары білім дипломдарын мойындау тәртібін жеңілдетеді. Бұл туралы ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов айтты деп хабарлайды Juzmedia.kz.
15 қаңтар күні Қазақстан Сенаты жоғары білім саласындағы біліктіліктерді мойындауға қатысты Азия–Тынық мұхиты аймақтық конвенцияны ратификациялады. Құжат Қытай, Жапония, Корея, Аустралия, Жаңа Зеландия, Моңғолия және өзге де елдер арасында дипломдарды бағалау мен мойындаудың ортақ қағидаларын бекітеді.
Осы шешімнен кейін Қазақстан Азия–Тынық мұхиты ұлттық ақпараттық орталықтарының желісіне — APNNIC — қосылады. Бұл желі қатысушы елдерге жоғары оқу орындары мен біліктіліктер туралы мәліметтермен тікелей алмасуға мүмкіндік береді.
Вице-министрдің айтуынша, қазіргі кезде шетелдік дипломды мойындау ұзақ әрі көпсатылы рәсімнен өтеді.
«Қазір, мысалы, студент Оңтүстік Кореяда оқып келсе, Қазақстанға оралған соң дипломын мойындату үшін арнайы процедурадан өтеді. Біз оның дипломын қабылдап, оқу орнына сұрау саламыз, лицензиясы мен аккредитациясын тексереміз, содан кейін ғана өз талаптарымызбен салыстырып, мойындау немесе мойындамау туралы шешім шығарамыз. Бұл конвенция автоматты түрде дипломды мойындамайды, бірақ басқа елдердің дерекқорына қол жеткізу арқылы осы процесті едәуір жеңілдетеді», – деді Талғат Ешенқұлов Сенаттағы брифингте.
Ратификация қазақстандық жоғары оқу орындарының білім беру қызметін шетелге ұсынуына, еліміздің жоғары білім жүйесіне деген сенімді арттыруға және Қазақстанда алынған дипломдардың Азия–Тынық мұхиты өңірінде мойындалуына кедергілерді азайтуға жол ашады.
Сондай-ақ министрлік шетелдік студенттердің үлесін көбейтуді көздеп отыр. Вице-министрдің айтуынша, бұл келісім өңір елдерінен келетін талапкерлер үшін Қазақстанда білім алуды анағұрлым қолжетімді етеді.