Түркістан облысындағы Жетісай аудандық соты резонанс тудырған істі аяқтауға жақын. Қарт әкесін ұрып өлтірген ер адам 15 қаңтар күні соттағы соңғы сөзін айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Сот отырысы кезінде айыпталушы эмоциясын ұстай алмай, жылап жіберді. Ол өз кінәсін толық мойындап, көпшілік алдында кешірім сұрады.
«Барлығынан кешірім сұраймын. Бүкіл қазақ халқынан кешірім сұраймын. Істеген ісіме шын жүректен өкінемін. Туған-туыстарымнан кешірім өтінемін. Ашуға беріліп кеттім. Өмір бойы өкінемін. Қателестім. Бүкіл мұсылман халқынан кешірім сұраймын. Мені түсініп, кешірулеріңізді сұраймын. Кінәмді толық мойындаймын», – деді ол сотта.
Бұған дейін прокурор айыпталушыға 6 жыл 2 ай бас бостандығынан айыру жазасын сұраған.
Бұл іс өткен жылдың қыркүйек айында әлеуметтік желіде қоғам назарын аударып, ашуын тудырған. Видеода ер адамның үй ауласында қарт әкесін аяусыз ұрып, балағаттап жатқаны анық байқалады. Кейін қарт адамның қайтыс болғаны белгілі болды. Қайтас болған қарияның келіні дәлелдің жеткіліксіздігіне байланысты жазадан босатылды.