homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

«Атыраулық хакерді» Интерпол іздеп жатыр

15.01.2026, 11:14

Әлеуметтік желіде Атырау облысында жоғалып кеткен отбасы туралы ақпарат таратып, өзін «хакер» деп таныстырған ер адам Интерпол арқылы халықаралық іздеуге жарияланды. Бұл ақпаратты облыстық полиция департаменті растады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Полицияның мәліметінше, ер адам алаяқтық баптары бойынша күдікке ілініп, халықаралық іздеуге берілген. Алдын ала дерекке сәйкес, ол қазіргі уақытта шетелде жасырынып жүр.

Әлеуметтік желілерде өзін «атыраулық хакер» ретінде таныстырған бұл азамат отбасының жоғалуына байланысты «өзіндік зерттеу» жүргізгенін мәлімдеген. Оның видеолары Instagram желісінде кең тарап, көп қаралым жинады. Ол марқұмдардың қызының күйеуін күдікті ретінде атап, түрлі деректерді жариялаған.

Алайда Атырау облысының полиция департаменті бұл мәлімдемелерді жоққа шығарды. Құқық қорғау органдары хакер айтқан деректердің шындыққа сәйкес келмейтінін, барлық қажетті мәліметтер полиция тарапынан заңды жедел-іздестіру және тергеу шаралары аясында әлеуметтік желідегі жарияланымдарға дейін анықталғанын мәлімдеді.

Полиция өкілдері азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырып, жалған мәлімет таратқаны үшін заң аясында жауапкершілік қарастырылғанын ескертті. Сонымен қатар аталған тұлғаға қатысты бұған дейін алаяқтық фактілері бойынша төрт қылмыстық іс тіркелгені, қазіргі уақытта олар бойынша тергеу жалғасып жатқаны хабарланды.