homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Алматыда тіс емінен соң қайтыс болған баланың ісі қайта қаралмақ

15.01.2026, 10:33

Алматыда жеке стоматология клиникасында ем қабылдағаннан кейін үш жастағы баланың қаза табуына байланысты қылмыстық іс қайта қозғалмақ. Бұл туралы баланың отбасының адвокаты Инга Иманбай айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қайғылы оқиға 2025 жылдың сәуір айында болған. Үш жастағы баланың «Севоран» наркозымен бірден 20 тіс емделген. Отбасының айтуынша, әуелде дәрігер ем 4 сағат жүргізілетінін айтқанмен, шамамен алты сағатқа созылған. Баланы толық есін жимаған күйде ата-анасына тапсырған,

Үйге келген соң баланың жағдайы күрт нашарлаған. Ата-анасы стоматологияға бірнеше рет хабарласып, баланың жағдайын айтқанмен, клиника қызметкерлері «бәрі қалыпты» деп сендірген. Кешке қарай баланың құрысуы басталып, өңі көгерген. Ата-анасы оны ауруханаға жеткізгенімен дәрігерлер баланы аман алып қала алмады.

Бала қайтыс болғаннан кейін қылмыстық іс қозғалғанымен, кейін ол тоқтап қалған. Отбасы бұл туралы екі айдан кейін ғана, баланың әкесі істің барысын білу үшін полиция бөліміне өзі барған кезде білген. Туыстары істің үстірт қаралғанын, ешкімнің жауапқа тартылмағанын айтып отыр.

Тергеу барысында жүргізілген сараптама қорытындысында баланың өлімі ми ісінуімен асқынған энцефалопатия, бүйрек жеткіліксіздігі және жедел респираторлық вирустық инфекциядан болды деп көрсетілген. Алайда ата-анасы бұл тұжырыммен келіспейді, себебі операция алдында да, сол күні де бала сап-сау жүрген. 

Отбасының шағымынан кейін прокуратура істі қайта қарап, сотқа дейінгі тергеуді тоқтату туралы қаулының күшін жойған. Ресми жауапта қылмыстық істің Алматы қалалық полиция департаментіне қосымша тергеу жүргізу үшін қайта жолданғаны айтылған.

Адвокат Инга Иманбай істі тергейтін жаңа тергеуші тағайындалғаннан кейін кешенді, комиссиялық және ситуациялық сараптамалар жүргізуді, сондай-ақ тәуелсіз сарапшыларды тартуды талап ететінін мәлімдеді.

Айта кетейік, 2025 жылдың желтоқсанында Астанада жеке стоматологияда тіс емдеткеннен кейін оянбай қалған үш жастағы қыздың өліміне қатысты резонансты іс бойынша сот үкімі шыққан болатын. Сот анестезиолог-дәрігерді кінәлі деп танып, екі жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындағанымен, оны амнистия негізінде негізгі жазадан босатқан.