Ресей аумағында орналасқан металлургия кәсіпорнында екі қазақстандық азаматтың қаза тапқаны белгілі болды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Қайғылы оқиға Череповец металлургия комбинаты аумағындағы өндірістік алаңда болған. Бұл нысан Северсталь компаниясының негізгі активі саналады.
Компанияның мәліметінше, 14 қаңтар күні комбинат аумағында мердігер ұйымдарда жұмыс істеген, Қазақстан азаматтарының мәйіті табылған.
«14 қаңтарда ЧерМК өндірістік алаңында мердігер ұйымдардың екі қызметкері, Қазақстан азаматтарының денесі табылды. Қазіргі уақытта болған оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, оқиға орнында арнайы қызметтер жұмыс істеуде. Қызметкерлердің туған-туыстарына көңіл айтамыз», – делінген компания хабарламасында.
Вологда облысы бойынша Ресей Федерациясының Тергеу комитеті оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатқанын, қазақстандықтардың неден қайтыс болғанын анықтап жатқанын хабарлады.