Иран билігі елдің әуе кеңістігін уақытша жауып, тек алдын ала рұқсат алған халықаралық рейстерге ғана ұшуға мүмкіндік берді. Бұл шешім АҚШ-тың Иранға қарсы ықтимал соққысы туралы ақпараттардан кейін қабылданды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
14 қаңтарда еуропалық шенеунік Reuters агенттігіне АҚШ Иранға алдағы 24 сағат ішінде соққы беруі мүмкін екенін хабарлаған. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранда наразылық білдірушілерге өлім жазасы қолданылса, «өте қатаң әрекетке» баратынын айтқан.
Оның бұл мәлімдемесіне Иран сот билігінің басшысы Голам Хоссейн Мохсени-Эджеидің наразылықтар кезінде ұсталған шамамен 18 мың адамның ісін жедел қарап, олардың бір бөлігіне өлім жазасын тағайындауы мүмкін деген ақпарат түрткі болған.
Иран әуе кеңістігінің жабылуына байланысты Air Astana бірқатар тұрақты және чартерлік рейстердің бағыты өзгергенін хабарлады. Шарм-эль Шейх, Дубай, Доха және Медина бағытындағы ұшақтар Иран аумағын айналып өтеді. Осыған орай әуе компаниясы жолаушыларға ұшу және қону уақыты өзгеруі мүмкін екенін ескертеді.