homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Қазақстанда Roblox ойынына шектеу қойылуы мүмкін

14.01.2026, 18:30

Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ Roblox ойынының балалар психикасына әсеріне алаңдап, оны Қазақстанда шектеу мәселесін көтерді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

14 қаңтардағы Мәжілістің пленарлық отырысында депутат ата-аналардан шағымдар жиі түсіп жатқанын айтып, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің атына депутаттық сауал жолдады.

«Ата-аналар Roblox ойынының балалардың психикасына кері әсер етіп жатқанын айтып, шағымданып жатыр. Бұл платформада балаларға арналмаған, агрессия мен қауіпті мінез-құлықты қалыптастыратын элементтер бар», – деді Үнзила Шапақ.

Депутаттың айтуынша, ойынның контентін бақылау тетіктері әлсіз, ал жас ерекшелігіне байланысты шектеулер толық сақталмайды.

«Балалардың санасы мен қауіпсіздігі – мемлекеттің тікелей жауапкершілігі. Сондықтан Roblox платформасының Қазақстан аумағындағы қолжетімділігін, контенттік сүзгілерін және жас шектеулерін қайта қарау қажет», – деп түйіндеді мажілісмен.

​2025 жылы Roblox платформасына кіретін күнделікті белсенді қолданушылар саны 150 миллионға жуықтаған. Пайдаланушылардың басым бөлігі кәмелетке толмаған балалар мен жасөспірімдер.